Опрос
Инфрақұрылымдық өзгерістерге (әлеуметтік нысандар, көпір, жол құрылысы) қалай қарайсыз?
Жаңалыққа жазылу

Облыстың жаңалықтары
12 02 2012 06:37
АЗЫҚ-ТҮЛІК СЕБЕТІ ҚАНША ТҰРАДЫ? Атырауда баға тұрақтылығы берік сақталып отыр

 Атырау қалалық кәсіпкерлік бөлімі бастығының орынбасары Алтынай Сәрсенованың айтуынша, бүгінде «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының азық-түлік өнімдері шаhардағы жеті сауда орнының 13 нүктесінде тұрақты сатылуда. Олар – орталық «Дина», «Көктем» және «Насиха» базарлары мен «Өнерпаз» ЖШС-і, сондай-ақ, «Атаба» супермаркеті мен «Лидер» дүкендері.

- Біздің міндетіміз - халықтың сұранысын анықтап, сол арқылы қажетті сауда нүктесінен арнайы орын дайындау. Орын белгіленгеннен соң «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы өз өнімдерін арзан бағаға әкеліп қояды. Бастапқыда халық үйренгенше өнімдердің өтімділігі әр нүктеде әртүрлі болатын. Бүгінде барлығы тұрақты жүруде, нәтиже жақсы, өміндердің өтімділігі де жоғары, - дейді Алтынай Сәрсенова.

Рейдке қатысушылар тобының алғаш бас тіреген сауда орны «Насиха» пассажы болды. Мұндағы «Атырау» ӘКК-сы өнімдерінің өтімділігі тез екендігін көзбен көрдік. Арнайы орын бөлініп, қоршалып, сыртына үлкен әріптермен «Арзан бағамен сатылымдар» деп жазылған. Куә болғанымыздай, азық-түлік алуға келген тұрғындар ең алдымен осы тақташа ілінген жерге асығуда. Қажетті өнімі табылса, осы арадан сатып алып, болмаса базардағы сөрелерге қарай ығысып кетуде.

Жалпы, «Атырау» ӘКК-ның өнімдері халыққа өткен жылдың сәуір айынан ұсыныла бастады. Алғаш ашылған кезден бастап «Насиха» пассажындағы арнайы орында сатушы болып қызмет етіп келе жатқан Айжамал Есқалиева «бұл орынға күніне бірнеше адам келеді, санап үлгере алмаймын. Халық әбден үйренді, арзан өнімге деген қызығушылық зор» деді бірден-ақ саудасына разылығын жасыра алмай. Сатушының айтуынша, әкелінген өнім түрлері екі-ақ күнге жетеді екен.

Рейд барысында арнайы орындарға қойылған «Атырау» ӘКК-сы өнімдерінің базар сөрелеріндегі өнімдерден әлдеқайда арзан екенін байқадық. Мәселен, картоп базарда 80 теңге болса, мұнда небәрі – 63 теңге. Сәбіз өнімі базарда 100 теңгемен қойылса, арзан азық-түлік өнімінің жанында 65 теңгеден сатылуда. Қызылша 63 теңгеден, ал, жалпы базардағы қызылшаның құны - 100 теңге. Халыққа ең қажетті тауар өнімдерінің құны осылай жалғаса береді. Сол секілді сатылымда сары майдың бағасы 300 теңгеден, шемешкі майы 297 теңгеден, жұмыртқа 17 теңгеден тұр. Көзі ашық адам өзі-ақ бағаларды салыстырып қарар болса, арзаны қайсысы екенін көп қиналмай-ақ бағамдар еді.

Тағы бір айта кетер қуанышты жағдай – мұндағы базарда Атырау жылыжайының қиярлары тұрғандығы. Оның бір келісі – 450 теңге. Тұрғындардың жергілікті қиярға деген сұранысы да жоғары болып шықты.

- Атыраудан өсіп, жергілікті базарға келіп сатылып жатқан өз өнімдеріміздің өзгелерден еш кемістігі жоқ. Қайта тұрғындардың жергілікті өнімдерге деген сұранысы жоғары. Сатып алушылар «қиярдан басқа тағы қандай өнімдер бар?», «қашан әкелесіздер?», «қашан сатасыздар?» деген сауалды көп қояды, - дейді сатушы Райгүл Өтекова.

Ал, сауда жасауға келген қала тұрғыны Ирина Власова базар сөрелерінде жергілікті өнімдердің көп болғанын қалайды. «Қияр өнімі өзімізден шығуда, сапасы жақсы. Сол секілді тұрмысқа аса қажетті өнім түрлерінің басқалары да сатылса деген тілегіміз бар», - дейді тұрғын.

Атырау темір жолы мекемесінің жанындағы «Лимон-Атабадағы» жағдай да осындай. Атаба директоры Ирина Долгова «Атырау» ӘКК-ның әлеуметтік маңызы бар халық сұранысындағы тамақ өнімдеріне деген сұраныстың өзгелеріне қарағанда аса жоғары екендігін айтады.

- Біздің дүкенде халыққа бірінші кезекте керекті әлеуметтік маңызы бар тамақ өнімдерімен қатар, жеміс-жидектер де сатылымда тұр. Өздеріңіз куә болғандай, келуші тұрғындардың санында есеп жоқ. Дүкенге кірген адам ең алдымен осы орынға келеді. Бағаларды салыстырып, өздерінің алғыстарын айтып кететін тұрғындар да жетерлік, - дейді ол.

Орталық «Дина» базарындағы «Атырау» ӘКК-ның екі сауда нүктесі де бүгінде тұрақты жұмыс жасап тұр. Бұл орындарға келіп сауда жасайтын халықтың саны да, олардың сұранысы да, қызығушылығы да өзге дүкендерге қарағанда аса жоғары. Өйткені, «Дина» базары - халық ең көп баратын сауда орталығы болғандықтан, мұнда келетін атыраулықтарға арзан бағалы өнімдер ауадай қажет.

Өткен жылы Нұрсая ықшамауданынан және Азаттық даңғылынан ашылған «Лидер» дүкендеріне келетін халықтың санында шек жоқ. Жаңадан ашылса да тұрғындар қызығушылығын туғыза білген, сатып алушыларға барынша көмек көрсететін дүкендерде де аталған корпорацияның өнімдері жайнап тұр. Рейд құрамы дүкеннің жұмыс барысын жарнама және менеджмент бойынша жетекші Сергей Гуторовтан білдік. Оның айтуынша, жаңа дүкенге тұрғындарды тарту қиынға соқпаған. Расымен де, халық өзіне қажетті арзан азық-түлік өнімдерінің көзін тапты.

Авангард ықшамауданының соңғы аялдамасындағы «Атаба» дүкендер желісінің халыққа қызмет етіп келе жатқанына бірнеше жылдар өтті. Осы жылдар ішінде тұтынушыларының санын бірнеше мәртеге өсірген дүкенде жанға қажеттінің барлығы бар. Біз арнайы тақтайшаны аталған дүкеннен де көрдік және осы жерде сауда жасаушылардың да әдеттегіден көп екендігін байқадық. «Атаба» супермаркетінің әкімшісі Людмила Хархарова арзан азық-түлік өнімдерінің өтімді екендігін атап айтты. Ал, азық-түлік сатып алуға келген Авангард ықшамауданының тұрғыны Байбол Жақсылықов:

- Мен өзіме қажеттінің барлығын осы супермаркеттен табамын. Соның ішінде арзан азық-түлік өнімдері қойылғалы бері базар дегенді ұмыттық. Бұл халық үшін жақсы болды, дегенмен, арнайы өнімдерден басқа сөрелердегі халыққа қажетті өнім бағасы да төмендесе екен, - деген тілегін де іркіп қалмады.

«Атырау» ӘКК-ның қоймасынан азық-түлікті сауда нүктелеріне «АгроСервис» ЖШС автокөліктері тасып әкелуде. Әзірге бір «Газель» автокөлігі барлық сауда нүктесіне өнім апарып, үлгеріп тұр. Аталған серіктестіктегі қызметкерлер саны да көп емес. Дегенмен, берілген тапсырысқа, тұрғындардың сұранысына орай азық-түлікті дер кезінде жеткізіп отырған мекеме сол нүктенің саудагерлерін де өздері қояды екен.

- Біз арзан бағамен сатылатын өнімдердің сатушысын жұмысқа өзіміз аламыз. Жуырда жаңадан ашылған нүктелерге қалалық жұмыспен және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен «Жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде 4 қызметкер сұратқанбыз, бүгінде үшеуі өз қызметіне кірісті. Тағы біреуі алдағы күндері жұмысын бастайды. Оларға екі жақты жалақы төлеп отырмыз. Біз әр сауда нүктесіндегі арнайы орынға өз кезінде азық-түлігін әкеліп, орналастырып беріп отырамыз, - дейді «АгроСервис» ЖШС директорының орынбасары Жеңіс Мардашев.

Сарапшы мамандардың айтуынша, егер сауда нүктелерінен арзан азық-түлік өнімдерін алып кетер болса, базар бағасы бірден шарықтап кететін көрінеді. Жеке сатушылар өзге амалдың жоқтығынан өз бағаларын атқарушы билік бекіткен бағадан әріге апара алмай отыр. Бастапқыда ойға алынған мақсат та осы болатын - кәсіпкерлердің халыққа ұсынатын бағасын түсіру. Ол жүзеге асты, кәсіпкерлердің өз өнімдерін халыққа арзан бағамен сатуына жол ашылды.

Осыдан екі ай бұрын «Атырау» ӘКК-нің сауда нүктелеріндегі нақты ахуалмен танысқан облыс әкімінің орынбасары Серік Айдарбеков те халыққа ұсынылып отырған күнделікті қажетті өнімдердің сапасына, олардың сатылу деңгейіне жоғары баға бере отырып, биылғы жылдан бастап тұрғындарға қажетті өнімдердің алуандығы және түрі көбейетіндігін айтқан болатын. Бұл мақсатта бүгінде республикалық және облыстық бюджеттен 670 млн.теңге қаражат бөлініп отыр. Демек, бұл - азық-түлік өнімдері бағасының қалыпты сақталуының кепілі.

Облыс әкімі Бергей Рысқалиевтың тікелей тапсырмасы бойынша облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, қалада «Жайық-Агро» КМК-ның жылыжай және көкөніс сақтау қоймасы ашылғанын да өткен жылдың аяғында қуана хабарлаған болатынбыз. Бұл жайында бізге «Атырау» ӘКК департаментінің директоры Қарасай Төлегенов айтып берді. Яғни, бүгінде қоймаларға қойылатын өнім түрлері сапалы сақталып, сатылым орындарына сол күйінде жеткізіледі. Әр өнімнің қалыпты температурасының сақталуына арналған аппараттар да жеткілікті. Осылайша биыл да халықты қолжетімді азық-түлік өнімдерімен тұрақты қамтамасыз етілмек.

Президент жүктеген тапсырмаларды орындауда Атырау облысы талап үдесінен шығып, үлкен жауапкершілік көрсетіп келеді. Салыстырып қарасақ, өзге облыстарда мұндай жағдай жете қарастырылмаған. Бағаның деңгейі шарықтап кеткен өңірлер бар екенін де бізге рейд барысында тұрғындардың өздері айтып, облыс басшылығының бұл қамқорлығына алғыс сезімдерін білдіріп жатты.

Осылайша, өңірде халықты ең қажетті азық-түлік өнімдерімен қамтуда нәтижелі жұмыстар жалғасуда. Оның үстіне облыстық және қалалық әкімдіктердің арнайы бекітуімен, ауыл шаруашылығы бөлімінің ұйымдастыруымен «Мұнайшы» спорт кешенінің алаңында және Қ.Смағұлов бульварында жиі өтіп тұратын жәрмеңкелер де атыраулықтар үшін үлкен пайда. Өткен жылы осындай 500-ге жуық жәрмеңке ұйымдастырылыпты. Міндет пен меже үйлесім тапқан бұл жағдайда халықтың да сұранысы толықтай қанағаттандырылып, билік пен бұқара арасында түсіністік сақталып отыр. Рейд барысында біздің осыған айқын көзіміз жетті.

Рейдке қатысқандар: Алтынай САРСЕНОВА,Атырау қалалық кәсіпкерлік бөлімі бастығының орынбасары.
Жеңіс МАРДАШЕВ, «АгроСервис» ЖШС директорының орынбасары.
Қарасай ТӨЛЕГЕНОВ, «Атырау» ӘКК-сы департаментінің директоры.
Әлпеш САДЫҚ,
Ерлан АЛТЫБАЕВ (фотосуреттер),
облыстық «Атырау» газетінің арнаулы тілшілері.

Басқарманы таңдау