Опрос
Инфрақұрылымдық өзгерістерге (әлеуметтік нысандар, көпір, жол құрылысы) қалай қарайсыз?
Жаңалыққа жазылу

Облыстың жаңалықтары
13 02 2012 06:58
ЕДІЛ-ЖАЙЫҚ АРАСЫ – МОЛ БАЙЛЫҚТЫҢ САҒАСЫ мұнда мал да бағылады, мұнай да алынады

Арғы тарихты ақтарғанда, төсінде Исатай-Махамбет сарбаздары тұлпарларының тұяқтары тиген қос өзен аралығы бүгінде ерекше түлеу үстінде. Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібі қатар өркендеген өңірде төрт түлік те түгел өсірілуде, «қара алтын» тасқыны да ағылуда. Мұны облыс әкімінің бірінші орынбасары Болат ДӘУКЕНОВТІҢ қатысуымен өткен Исатай ауданының кеңейтілген актив жиналысында айқын аңғардық.

Алдымен, мәдениет үйінде өткен актив жиналысында жұртшылық алдында аудан әкімі Бақберген ҚАРАБАЕВ өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысын баяндап, алда атқарылар жұмыстармен таныстырды.

Жалпы, былтыр өңірде 131,9 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, алдыңғы жылмен салыстырғанда едәуір өсім болды. Есепті кезеңде Жайық мұнай-газ өндіру басқармасының, «Сазанқұрақ» және «Потенциал ойл» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің күшімен 967,9 мың тонна «қара алтын» алынды. Сонымен қатар, 22,7 млн. текше метр ілеспе газ өндірілді. Қазір де көмірсутегі өнімі көлемін көтеру үшін геологиялық шаралар жан-жақты жүргізіліп, бұрғылау жұмыстары өркендеген. Қытайлық инвесторлармен бірлескен жергілікті мұнайшылар ер Исатайдың әкесі Тайманның мәңгілік мекені орналасқан құм арасынан да құнды байлық тауып отыр.

Осы уақытта ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 2 млрд. 174,2 млн. теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда анағұрлым артық болды. Төрт түлікте түгелдей өсім байқалды. Соның нәтижесінде олардан алынатын өнім де өсті. Бұл ауыл еңбеккерлерінің малды өз төлі есебінен көбейтуге, одан өндірілетін ет пен сүтті барынша мол дайындауға деген құлшынысын танытады.

Аграрлық секторды дамытуда мемлекет тарапынан болып жатқан қолдауды исатайлықтар нақты сезініп отыр. Өткен жылы «Бекет» және «Хабибуллин» шаруа қожалықтарына 1,7 млн. теңге субсидия берілді. Қазір еліміздің ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен белгіленген мал тұқымын асылдандыру жұмыстары жалғасуда.

Сонымен қатар, мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыру үшін бес шаруа қожалығына 1,3 млн. теңге субсидия берілді. Бұл қаражат та мақсатты жұмсалуда. Қазір Қамысқала мен Жанбай селолық округтерінде мал сою алаңдарының құрылысы жүріп жатыр. Ауыл шаруашылығы құрылымдарын сумен қамту, малдәрігерлік шараларды жүзеге асыру, т.б. жүйелі жұмыстарға арналған қаржының да қайтарымы болмақ. Қысқы маусымға тыңғылықты дайындалған ауыл еңбеккерлері қажетті пішен мен құрама жемін қыстақ басына жеткізіп алған. Демек, ақпанның ақ түтек боранында төрт түлік аш болмайды.

Өткен жылы негізгі қорға жұмсалған инвестиция көлемі 7 млрд. 717 млн. теңгені құрады. Қазір Жаңа Жанбай-Тайман электр желісін қайта жабдықтау жұмыстары аяқталып келеді. Сонымен қатар, бірнеше селода кірме және ішкі жолдар күрделі жөндеуден өтті.

«Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында Тұщықұдық пен Жанбай селолары ауыз сумен қамтылды. Сондай-ақ, бірнеше елді мекенде сумен жабдықтау нысандарының құрылысы биыл аяқталмақ.

Жалпы, ауданда былтыр 11 мың 667 шаршы метр тұрғын үй қатарға қосылды. Демек, алдыңғы жылмен салыстырғанда едәуір артық.

Елді мекендерді көркейту аясында Аққыстау селосында үш мың шаршы метр жерге жас ағаштар отырғызылды. Газондар жасалып, тротуар салынды. Өркен ауылында Нарын каналы үстінен өтетін көпір қатарға қосылды. Тұщықұдық пен Жанбай селоларын жарықтандыру жұмыстары жүріп жатыр. Селоларда санитарлық тазалықты барынша қамтамасыз ету мақсатында 4,3 млн. теңгеге контейнерлер сатып алынды. Жалпы, жергілікті атқарушы билік елді мекендерді көркейту мен тазалық жұмыстарына осында жұмыс жасап жатқан ірілі-ұсақты кәсіпорындарды тартып отырғандығы құптарлық.

Өңірде жұмыссыздық мәселесі де оңтайлы шешіліп келеді. Есепті мерзімде оның ресми деңгейі небәрі 0,7 пайызды ғана құрады. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында адамдар әлеуметтік жұмыспен қамтылуда, қосымша мамандық алу үшін оқу орындарына жолдама берілуде. Қазір «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына орай жоғары және орта арнаулы оқу орындарының түлектері кәсіпорындарға жіберілуде. Сонымен қатар, кәсіпкерлік бағыттағы қызметін ұйымдастыру үшін жеті адамға 10 млн. теңге көлемінде несие берілді. Биыл да сұраныс өскелі отыр. Сондықтан, қаржы көлемін көбейтуге байланысты ұсыныс жасалды.

Аз қамтылған жандарға жәрдем жасау да жолға қойылған. Мәселен, есепті мерзімде 242 адамдық 54 отбасына барлығы 3 млн. 261,5 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілген. Сонымен қатар, 512 отбасындағы 1483 балаға барлығы 17,9 млн. теңгенің мемлекеттік жәрдемақысы тағайындалыпты. Ақырында, жергілікті бюджет есебінен аса мұқтаж 244 адамға барлығы 2 млн. 336,9 мың теңгенің біржолғы материалдық көмегі көрсетілген.

Өткен оқу жылында ауданның үш «Алтын белгіге» және екі «Үздік аттестатқа» үміткерлері білімдерінің сай екендіктерін дәлелдеп шықты. Сонымен қатар, 78 түлек мемлекеттік грантқа ие болды. Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша ауданның бес мектебі республика бойынша 100 үздік орта білім беру ошақтарының қатарына енді.

Аудан әкімі денсаулық сақтау саласында да біраз табысқа жеткендерін айтады. Бұл ретте алдыңғы жылмен салыстырғанда өкпе дертіне шалдыққандар санының 15 пайызға кемігені көңіл қуантады.

Өткен жылы ауданның білім беру және денсаулық сақтау салаларына 26 маман қосылыпты. Олардың бірқатары жоғары оқу орындарының түлектері болса, кейбірі – шақыртумен келгендер. Бұлардың бәрі де тиісті жәрдемақымен және баспанамен қамтылған.

Есепті мерзімде аудандағы 1120 кәсіпкерлік нысанында барлығы 1526 адам еңбек еткен. Сөйтіп, жергілікті бюджетке 1 млрд. 148,1 млн. теңге салық түскен. Бұл дәйектердің бәрі де алдыңғы жылмен салыстырғанда едәуір артық. Аудан кәсіпкерлері мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауды сезініп отыр.

Ақырында, азық-түлік ба-ғасын тұрақтандыру мақсатында кәсіпкерлермен және шаруа қожалықтары жетекшілерімен меморандум жасалып, оның орындалысы бақылауға алынған. Әсіресе, жергілікті ет-сүттің Атырау қаласындағы бағадан 15-20 пайыз төмен бағамен сатылуы қадағалануда.

Аудан әкімі биылға белгіленген шаралар легінде «Ақ бұлақ» бағдарламасына орай елді мекендерді таза ауыз сумен жабдықтау одан әрі жалғасатындығын жеткізді. Айбас пен Мыңтөбе учаскелерінде қалған төрт отбасын аудан орталығына көшіру жүзеге асырылады. «Балапан» бағдарламасына сай мектептер мен балабақшалар жанынан қосымша ғимараттар тұрғызу көзделген. Жергілікті кәсіпкерлер Зинеден селосында лицензиямен балық аулап, оны осында өңдеуді жүзеге асыруды ұсынып отыр. Бұл бастама қолдауға лайық. Оның, әсіресе, браконьерлікпен күреске септігін тигізері кәміл.

Аудан әкімінің есепті баяндамасы аяқталған соң оны талқылау басталды. Аудандық мәслихаттың депутаты, «АСДимаш корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Нұрлан ҚАЙЫРДЕНОВ мұнайлы мекеннің мүмкіндіктері ұтымды пайдаланылып жатқандығын айтты.

- Атырау – ежелден потенциалы мол өлке, - деді ол, – әсіресе, соңғы 4-5 жылда әлеуметтік-экономикалық даму, халықтың әл-ауқатының артуы тың серпін алып, жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Осы уақытта атқарылған жұмыстар ұшан-теңіз. Тұрғындардың күнделікті тірлігі үшін ең қажетті саналатын ауыз су, табиғи газ, электр энергиясы, т.б. толықтай тартылды. Тақтайдай тегіс жолдар салынуда. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын да табуда. Еңбек етуге құлшынған кісіге жол да ашық. Әр жылы мыңдаған маман шетелдік компанияларға қызметке тұруда. Міне, осының бәрін исатайлықтар Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың халық игілігі үшін аса маңызды тапсырмаларын мүлтіксіз орындап отырған облыс әкімінің есімімен байланыстырады. Маған сенім артып, аудандық мәслихатқа депутат етіп сайлаған Жанбай селосының тұрғындары облыс басшысының өңір үшін тындырған ісіне дән разы.

Одан соң мінбеге көтерілген Жайық мұнай-газ өндіру басқармасының нысандарды жай жөндеу учаскесінің шебері Қожантай СЫДИХОВ та жерлестерінің облыс әкіміне ризалығын жеткізді.

- Мен мұнайшымын, - деді ол, - сондықтан, облыстық әкімдік тарапынан мұнайшыларға үнемі көңіл бөлінуі біздерді жігерлендіреді. Облыс басшысының тапсырмасына сәйкес ауданда да нақты жұмыстар жасалуда. Жергілікті атқарушы билік жанынан құрылған жұмыс тобы мұнайшылармен жиі кездесіп, өзекті мәселелер жөнінде пікірлесіп тұрады. Исатайлық мұнайшылар арасында толық түсіністік қалыптасқан. Кешегі Жаңаөзендегі оқиғаларға қатысты Бергей Сәулебайұлының жұртшылықты бейбітшілікке шақырып, тоқтау айтқан сөзін зор ықыласпен қабылдадық.

Мұнай – осы елдің ортақ байлығы, барша халықтың ырысы. Ендеше, оны игеруші мұнайшылар да жұрттан бөлінбей, өңірдің қарқынды дамуы үшін аянбай еңбек етуі тиіс.

Тұтастай облысты айтпағанда, тек осы ауданның бет-келбеті соңғы 4-5 жылда адам танымастай өзгерді. Қазіргі заманғы жабдықтармен жарақтандырылған қос мектеп пен бір емхана бой көтерді. Селоішілік су желісі 90 пайызға қамтамасыз етілді, ауылдар толық газдандырылды. Бұрынғы тас-талқан болған жолдарымыз қалпына келтірілді. Көшелеріміз де сәндене түсті. Аққыстау мен Мартыши кеніші арасындағы жол көптен жөндеуді күтетін. Енді соның «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына сенімгерлікке берілгенін естідік. Отандық мұнайшылар басшылығы осы жолды қалпына келтіруге қаржы табар деген ойдамыз.

Одан әрі ақынжанды жігіт шабытқа мініп, өңірдегі оң өзгерістерді өлең жолдарымен өрнектеді.

Еңбек ардагерлері атынан Ізбасқан ХИСИН сөз сұрады. Ол да облыс басшысының атқарып жатқан жұмыстарына, ауданға жеткілікті көңіл бөліп отырғандығына разылығын танытты.

- Облыс әкімінің қызметі қанша көп болса да, - деді ол, - біздің ауданды әркез назардан тыс қалдырмауы көңілге қуаныш ұялатады. Бергей Сәулебайұлының жеке басының марапат пен мадаққа зәру еместігін, Елбасының өзі облысқа келген сапарында жасалған жұмыстарға жоғары баға бергенін жақсы білеміз. Облыс басшысының тұрақты қолдауымен қазір Аққыстау селосы адам танымастай өзгерді. Тек соңғы жылдары ғана ауданда типтік жобадағы жаңа мектептер мен ауруханалар, мәдениет ошақтары бой көтерді. Сонау Қиғаштың кәусар суын пайдалану бұған дейін өңіміз түгілі түсімізге де кірген жоқ еді. Енді оған да қол жеткіздік. Мен өзім тұратын Х.Ерғалиев ауылына сегіз шақырымдай құбыр тартылып, қазір 200 шамалы отбасы таза ауыз суды тұтынып отыр. Кірме жол да күрделі жөнделді. Бір кездері Исатай ауданы «қызыл белдеу» атанса, енді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыған, халқының тұрмысы жақсарған, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, татулық туын тіккен өңірге айналды.

Жас мамандар атынан Аққыстау орта мектебінің құқықтану пәнінің мұғалімі Алтынбек ҒАПУРОВ лебізін білдірді.

- Мен, - деді ол, - өткен жылы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін бітіріп, осында келген едім. Елбасының «Дипломмен – ауылға» бастамасына үн қосып, еңбек жолымды селолық мектепте бастағанды жөн көрдім. Тек былтыр ғана ауданға келген 27 жас маманға 2,7 млн. теңгелік көтермеақы және он жасқа пәтер сатып алу үшін 29,5 млн. теңгенің өсімсіз несиесі берілді. Ал, облыс әкімі Бергей Сәулебайұлының мұғалімдер мен дәрігерлерге тұрғын үй берудегі игілікті істері күллі республикаға үлгі болуда. Әйтсе де, халқымыз «алмақтың да салмағы бар» дейді. Демек, біздер өзімізге көрсетіліп жатқан осындай жан-жақты қолдауға жақсы істерімізбен жауап беруге тиіспіз.

Жарыссөз аяқталған соң облыс әкімінің бірінші орынбасары жиналғандардың сауалдарына жауап берді.

Алдымен ардақты ана Ботакөз Дәукенбаева көпке ортақ бірнеше мәселені бірден қозғады. Байырғы тұрғынды өңірдің экологиялық ахуалы, студенттердің оқу ақысы, жұмыссыздық жайы толғандырады екен.

- Солтүстік Каспий жобасына байланысты, - деді Болат Асылұлы қойылған сауалға кеңінен жауап беріп, - салынып жатқан «Болашақ» зауытының құрылысы мәреге жетіп, 2010-2011 жылдары 22 мың адам қызметтен қысқарды. Солардың жартысынан көбі – атыраулықтар. Соларды жұмысқа орналастыру атқарушы билікке оңайға түскен жоқ. Көп адам өзге жобаларға тартылды, біразы кәсіби дайындау курстарына жолдама алды. Сөйтіп, тығырықтан шыға білдік. Енді, Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында айтылғанындай, Атырау аумағында ел экономикасы үшін аса маңызды қос жоба жүзеге асырылмақшы. Олардың бірі газ-химия кешені құрылысы болса, екіншісі - Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғырту. Осы жобаларға шамамен төрт мың шамасында маман қатыспақ. Бізде Теңіз кенішінде және Қарабатан зауыты құрылысында толымды тәжірибе жинақтаған жұмысшылар жеткілікті. Міне, солар бірінші кезекте сұранысқа ие болмақ. Алдымен осы облыстың адамдарын қызметпен қамтимыз. Оның үстіне, Теңіз кенішін одан әрі игеруге байланысты тағы тың жоба қолға алынбақ. Оған 2,5 мың адамның қатысуға мүмкіндігі бар. Жұмыссыздықты тежеуге бағытталған өзге де шараларды жүзеге асырамыз. Бірақ, жастарымыздың да біреу жұмыс тауып бергенше ата-анасына масыл болмай, өздерінің де ізденгендері абзал.

Қоршаған ортаға байланысты қарапайым халықтың да алаңдаушылық танытып отырғандығы қуантады. Ол біздің де ұдайы бақылауымызда. Каспий теңізінде бұрғылау жұмыстары басталуына орай айдын тазалығын Елбасының өзі қатаң тапсырған. Бұған «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы да жете назар аударып отыр. Қазір «Болашақ» зауытының төңірегіне тал-теректер отырғызып, осы маңды жасыл желекке бөлеу мәселесі шешілді. Демек, одан Атырау қаласына әсер азаймақ.

Теңіз кенішіндегі күкірт көлемі де кеміді. Бұрын ол 9 млн. тонна шамасында еді, енді төрт миллионға дейін азайды. Бұл мәселе де оңды шешілмек.

Әлемдік қаржы дағдарысы кезінде облыс әкімінің бастамасымен мұқтаж 220 студенттің оқу ақысы төленді. Сөйтіп, олардың білім алуына мүмкіндік жасадық. Қазір халықтың жағдайы біраз жақсарды деп ойлаймын. Өздерінің де төлем қабілеті өсті. Ал, аса мұқтаж жандарға жәрдем жасалады. Тағы бір қуанышты хабар – биылдан бастап Аджип ҚКО компаниясы мұқтаж 110 студенттің оқу ақысын төлемек. Өңірде жұмыс жасап жатқан іргелі кәсіпорын осындай ізгілікті қадамға барып отыр. Оған тек аз қамтылған отбасыларының балалары ғана ұсынылады.

Өзін Мұратбек Хасанов деп таныстырған ауыл тұрғыны мұнайшылар салып берген шағын дене шынықтыру-сауықтыру залы жергілікті жағдайға сай еместігін айтты. Өйткені, мұнда қыста салқын, ал жазда өте ыстық екен.

Болат Асылұлы актив жиналысына қатысып отырған Жайық мұнай-газ өндіру басқармасының бастығы Дәрмен Төреғалиевтен себебін сұрады.

- Бұл - «Ангар» типті жобалық кешен, - деп жауап берді оған басқарма бастығы.

Әйтсе де, облыс әкімінің бірінші орынбасары алдағы уақытта мұнда спортпен шұғылданушыларға барынша жағдай жасау қажеттігін айтты.

Осы орайда Болат Асылұлы осында жұмыс жасап жатқан компаниялардың әлеуметтік салаға тигізіп жатқан жәрдемі туралы сұраған. Аудан басшысы олармен ортақ тіл табысуда екендігін жеткізді. Әсіресе, «Сазанқұрақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Бақтыгерей Жұбановтың аудан халқына жасаған қайырымдылығын исатайлықтар әркез айтып жүреді.

...Міне, облыс әкімінің бірінші орынбасары Болат Дәукеновтің Исатай ауданына сапары кезінде осындай оңды өзгерістерге куә болдық. Ең бастысы, басқосуда адамдардың күнделікті отбасы, ошақ қасын қозғамай, көпке ортақ проблемаларды тілге тиек етуі қуантты. Демек, жеке тұрмысы жақсарған жұртшылық енді ірі мәселелердің шешімін күтіп, тұтас өңірдің өркендеуін қалайды.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Басқарманы таңдау