Ол – көркем өлеңдердің авторы. Қаламы келелі сөзді ғана жазатын журналист. Әдебиет пен өнердің талай майталмандарынан ақ бата алып, өзі де кейінгі жас буынға қамқорлық көрсетіп жүрген үлкен жүректің иесі. Филология ғылымдарының кандидаты. Бірнеше жыр кітабы мен ғылыми еңбектері еліміздегі ірі баспалардан жарық көріп, өз оқырмандарын тапқан.
Ақындықтан адамдықты биік қоятын Гүлзада Ниетқалиева – Атыраудың ғана емес, алты алаштың ардақ тұтар аяулы қыздарының бірі. Бүгінде құқықтық «Қайсар» газетіне басшылық ететін Гүлзада Рахметқызымен әңгімеміз төмендегіше өрбіді.
- Гүлзада Рахметқызы, Астана мен Алматыдан яғни, әдеби ортадан алыста жүру – ақын үшін қаншалықты қиын және оңай?
- Елдің санасында ақындар мен жазушылар тек Астана мен Алматыда ғана тұруы қажет деген ой орнығып қалған. Алайда, ақын – халықтың адамы. Ол өзі туған елдің жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын сүйеніші де. Қиналып келген ауылдасқа тіреу болып, ауылдан келген жастарға жол сілтер жолбасшы бола білсем, менің арман-мақсатымның орындалғаны – сол. Тарих қойнауына үңілер болсақ, сонау Шалкиіз бен Доспамбеттен бастап, Абай, Махамбет сынды ұлылар халықпен қай кезде де бірге болған. Бүгінгі таңда да керемет жырларымен елде жүріп-ақ өлең сүйгіш оқырманның шынайы махаббатын жаулап жүрген ақындар көп.
- Сіз тек ақын ғана емес, қаламы қарымды журналиссіз де. Осы орайда бүгінгі күннің өзекті мәселесі қандай және оны біз қаншалықты жаза алып жүрміз деп ойлайсыз?
- Мен өзімнің алдымда тұрған аға буын журналистерге әрдайым қарыздармын. Әбуғали Ғабдуллин, Құмарғали Ғабдешев, Шөпенғали Дәуенов, Төлеген Жаңабаев, Теңдік Жауыров, Бақыт Қоянақова, Төлеген Берішбаев, Исатай Балмағамбетов сынды баспасөз марғасқаларымен танысып-біліскен, олардан журналистиканың қыр-сырын үйренген кездерім – мен үшін ең бір бақытты кезең. Осы аға - апалармен сырласқан сәттерде нешебір алуан тақырыптар қозғалып, олардың білімдерінің тереңдігіне қызыға қарайтын кездерім көп болғаны рас.
Ақын, мемлекеттің сыйлықтың иегері Есенғали Раушановша айтар болсақ: «Суын іш, жапырағын жараңа таң, Деп сізді қалдырмап па еді маған атам?
Енді неге қарадың оқшырайып,
Сазарған сартас мола, сағана там». Осыдан артық не керек адамға? Ендеше, неге туған табиғатты қорғауды әр қаламгер өз еңбегіне арқау етпеске? Өзекті мәселе ойланған адамға табылады ғой. Экология мәселесі жазылып жүр, әлі де жазыла береді.
- Жақында «Жазушы» баспасынан «Ардақтым» деген кітабыңыз жарық көрді. Құтты болсын дейміз...
- Рахмет. Бұл кітап ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналды. Онда көбінесе халқымыздың салт-санасы, тұрмыс- тіршілігі туралы жазылған өлеңдер жарық көрген. Еліміздің көгінде жарық жұлдыздай жарқыраған, есімдері тарихқа алтын әріппен жазылған Абылай хан, Асанқайғы, Бекет Мырзағұлұлы, Фариза Оңғарсынова, басқа да қазақ халқының жүрегінде қалған тұлғалар – осы кітаптағы өлеңдердің, балладалар мен дастандардың кейіпкерлері. Бір сөзбен айтқанда, елдің ардақтылары. Ақын үшін елінен, халқынан асқан ардақты жоқ. Сондықтан кітап «Ардақтым» деп аталды. Осы кітабымның жарық көруіне қолұшын берген абзал азаматтарға алғысымды білдіремін.
- Жаңа кітабыңызда Елбасы, бүгінгі Атырау жайлы поэмалар орын алған. Бұл тапсырыспен жазылған дүниелер ме, әлде өзіңіздің жан қалауыңыз ба?
- Мен тапсырыспен өлең жазбайтын адаммын. Егер ондай «қырым» болса, осылай жүрмеген болар едім. Қай өлеңді жазсам да ой елегінен, жүрек түкпірінен өткіземін. Өзімді толғандырған дүниелер ғана менің қаламыма ілініп, өлеңдерімнің лирикалық кейіпкеріне айналады. Сондықтан, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа арнап «Нұрсұлтан – дара шың» деген дастан жаздым. Қазақ бүгінгі күнге аман-есен жеткені үшін әуелі Аллаға, сосын Елбасына қарыздар. Мәселен, кешегі Кеңестік кеңістіктегі елдердің арасынан суырылып шығып, дүниежүзілік аренаға жол тартқан, Ресейді қоспағанда, тек Қазақстан ғана! Елімізде бейбітшілік пен келісім орын алуы үшін қаншама құжаттарға қол қойылды. Қытай мен Ресей сынды алыптардың ортасында отырған Қазақ елінің қауіпсіздігін сақтауда жүргізілген шаралардың бағасын тарих әлі беретіні даусыз.
Менің айтарым, Алла қаламаса, көктегі күн де жарық шашпайды. Ендеше, Елбасы да Алланың сүйіктісі, таңдаулысы. Алла қалаған соң, қолдаған соң елімізді басқарып, қазаққа сүйеніш, тірек болып тұр. Мен сол себепті осы дастанды жаздым, жастарға үлгі болсын деген ниетпен. Ақындар әрдайым қоғам тынысына үн қосып, билік пен халық арасында «алтын көпір» салған. Мәселен, Бұқар жырау Абылай ханның желден қорғар панасы, елмен кеңес құрса, данасы болған жоқ па? Ал, Атыраудың бүгінгісіне келер болсақ, көз алдымызда бүкіл іс жасалып жатыр емес пе? Сонау Құрманғазы ауданындағы мен туып- өскен «Көптоғай» деген ауылдың адамдары ауылға газ келеді деп ойламап еді. Өйткені, облыстан шалғай, Ресеймен шектесіп, бір бүйірде қалып қойған. Сол «Көптоғайыма» газ жүріп, маған қымбат ауылдастарымның қуанғаны қолыма еріксіз қалам ұстатты. Оның бер жағында Қызылқоға ауданына, Миялыға дейін газ жетті. Бұл ол аудан тұрғындары үшін күтпеген қуаныш еді. Облыс орталығында қаншама үйлер салынып, жылдар бойы баспанасыз жүргендердің қолы баспанаға жетті.
Мәселен, көп балалы ана, ұстаз Райхан Әліханова сынды аналар маған өз жүректеріндегі шексіз алғысын айтып келгенде, «Көркейген Атыраудың бүгінгісі» деген дастан көкейіме лықсып келді. Ығылман Шөрековтің «Исатай-Махамбет» дастанында «Ел қамын жеген ерлердің, Сөз білген жанда хақы бар» деген жолдар бар. Біз де қолымызға қалам ұстаған соң, еліміздегі оң өзгерістерді, елдің облыс басшысы Бергей Сәулебайұлына деген алғысын өлеңмен өріп жеткізуді өзімізге парыз деп санадық.
- Сіздің қаламгерліктен бөлек ғалымдық та қырыңыз бар. Бүгінгі поэзия қайда бара жатыр, жас ақындардың алған бағыттары сізді қанағаттандырады ма?
- Бір қуанатыным, бүгінгі қазақ поэзиясында өз пікірін тереңінен толғап жеткізе алатын, дарынды, қаламы қарымды жастар көбейіп келеді. Алысқа бармай-ақ, өзіміз күнде көріп жүрген ақын інілеріміз Асан Темір, Ақан Серік, Арман Жайлаубаев, Жәнібек Садыровты айтсақ та жетіп жатыр. Олардың әрқайсысының да өлеңдерінде философиялық тұжырым, ішпен түйсіну, жүрекпен сезіну бар. Осындай жастар барда қазақ поэзиясы бұдан да биікке көтерілеріне сенім зор.
- Өлең мен бесікті қатар тербеткен аяулы анасыз, елге ардақты ақынсыз. Бүгінгі жас аналардың көпшілігі балаларын тәрбиелеуде кітап пен интернеттегі нұсқаларды басшылыққа алып жатады. Жалпы, бала тәрбиесінде біз нені ұмыт қалдырдық, күнделікті тәжірибеңізбен бөліссеңіз.
- «Тәрбие басы – тал бесік» екені рас. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегеннің де ақиқат екенін көзіміз көріп жүр. Ата мен әже тәрбиесі – біздің қазақ халқының ең бір құнды да ұтымды жері дер едім. Себебі, адам жас кезінде жұмыс, қызмет деп, балаға көңіл бөле қоймайтыны жасырын емес. Жас ұлғайған сайын адам өмірдің мәні – ұрпақ екеніне көз жеткізеді. Әрі, зейнетке шығып, қолы босайды. Міне, осы кезде немере тәрбиесімен шұғылдану екі жақ үшін де тиімді. Бұрынғы қызметін, жұмыстастарын сағынған ата мен әже немереге алданады, тіпті өзін де ұмытады. Ал немере ата-анасынан ала алмаған мейірім шуағын, ұлағаттың кенін ата-әжеден табады. Мейірімге шомылып өскен баладан ешқашан екіжүзділік, сатқындық, қатыгездік шықпайтыны ғылыми түрде дәлелденген. Өз тәжірибеме келер болсақ, мен халықтық педагогикаға көп мән беремін. Қызымның өмірі – мен үшін ең қымбаты. Ол үшін көп нәрседен бас тартуыма тура келді. Құрбандықсыз ештеңе келмейтіні түсінікті. Қызмет те, лауазым да – қолдың кірі. Баланың болашағына зиян келетін болса, мен бәрінен де бас тартуға әзірмін. Толыққанды, елі мен жерін сүйетін адам болып қалыптасу үшін сәбиге ананың мейірімі Тәңірден тараған нұрмен бірдей.
-Ақын үшін өлеңінен артық дүние жоқ. Өлең жазғандағы және көп уақыт қолға қалам алмай кеткендегі көңіл-күйдің ара қатынасы сізге қаншалықты әсер етеді?
- Келмей қап сөздің жүйесі,
Көптен бір нұрын төкпеді.
Өлең мен жырдың киесі
Жүр, сірә, маған өкпелі.
Көк пенен жердің иесі
Жүрекке берді жыр-шабыт.
Бұйырған бізге күй –осы:
Ақ қар мен көк мұз құрсанып...
Отырам... кейде ғаламмен
Өлеңім жазып, сырласып.
Мен байтақ мынау даламмен
Жүрегі егіз бір ғашық.
Өзің де байқап отырған шығарсың, өлеңсіз менің күнім күн емес, түнім түн емес, өмірім – тозақ, күйбеңге толы азап. Өлең жазған кезде менен бақытты адам жоқ.
- Сіз үшін дүниедегі ең ардақты дүниелер... кімдер? Нелер?
- Мен үшін дүниедегі ең ардақты – қазақ халқы, ана тілім. Қазақ аман болса, болашағы жарқын болса, келер ұрпақ ана тілімнің қадірін біліп өссе, менің арманым жоқ.
- Арманыңызға жетіңіз!
Әңгімелескен Бақытгүл БАБАШ.
Сен білмейсің
Сен білмейсің...
Бізде бүгін қар жауған,
Назды әуезге басын сүйеп қалды-ау маң...
Сыңар қанат құсты көзге ілмейді,
Мынау дүние, шаршамайтын алдаудан...
Сыңар қанат құсқа енді самғау мұң,
Аспан жақты аңсап қанат талды-ау тым...
Жалғандағы жақыным деп сенген жан,
Маманы екен сатқындық пен арбаудың.
Жанарымда дөңгелеп күн қар жауған,
Өзің жаққа жақынырақ барды-ау жан...
Аппақ қарды таптап жатыр адамдар,
Шаршамайтын бірін-бірі арбаудан...
Бізде бүгін қар жауды деп күбірлеп,
Өлең жазам.
Бас сүйейді іңір кеп.
Бұл дүниеде аман жүрші жарқыным,
Жүрегіңде арман, үміт лүпілдеп...
Бізді қойшы Ай сәулесі жұбатқан,
Келеді әне, шешуі жоқ сұрақ таң.
Тағдырыма дән ырзамын, өйткені,
Өтіп келем Алла берген сынақтан...












