Жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс авариялар мен дүлей апаттардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасының 2011 жылдың 26 қазаны күні «Атырау облысындағы Төтенше жағдайлардың алдын алу және болдырмау жөніндегі іс-шаралар» тақырыбында ұйымдастырған интернет-конференция қортындысы
Сұрақ
-Біздер Атырау қаласы Ақжар поселкесінің тұрғындары Жайық өзенінің жағасындағы бөгеттердің жағдайына алаңдаймыз. Себебі, жағадағы бөгеттер опырылып құлап, бөгеттердің жартысы өзен суының арнасына құлап шайылып кеткен. Бұл жөнінде қалалық әкімдікке және басқа орындарға жазғанмен әлі күнге тиісті жұмыстар жасалмай отыр. Осыған қандай жауабыңыз бар?
Т.Талғат
Жауап
-Сіздің қойып отырған мәселеңізді көктемгі мезгілде басқарманың қызметкерлері қала аумағындағы елді мекендердегі барлық қорғаныс бөгеттерін аралау кезінде анықтап, атқарылуға тиіс жұмыс көлемдері тізіміне енгізді.
Сондықтан, Сіздердің өтініштеріңіз қаперге алынып, бюджет қаражатының мүмкіншілігіне қарай алдағы уақытта атқарылатын болады.
Сұрақ
-Биылғы жылы ақпан айында Жылыой ауданының аумағында жер сілкінісінің тіркелгендігі туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарынан оқыдым. Білейін дегенім, облыс қанша баллдық жер сілкінісіне жатады?
А.Имашева
Жауап
-2001 жылғы сейсмология институтымен жасақталған, сейсмикалық аудандарға бөлу картасына сәйкес, облыс 6 баллдық жер сілкінісініне жатады.
Сұрақ
-Мен келесі жылы мектеп бітіремін. Мектеп бітіргеннен кейін осы саланың маманы болғым келеді. Білейін дегенім, осы мамандық иесін дайындайтын оқу орны бар ма? Болса қай жерде орналасқан?
А.Қасымов
Жауап
-Бұл мамандық иесін дайындайтын оқу орны Көкшетау қаласында орналасқан. Көкшетау техникалық институты, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты. Аталған институт өрт сөндірушілер мен қатар құтқарушыларды да дайындайды.
Сұрақ
-Біздер, Балықшы поселкесінің тұрғындарымыз. Балықшыда орналасқан тұрғын үйлердің көпшілігі ескі болғандықтан, шатырдың ұшуы, балконның құлауы, тағы басқа сол сияқты көптеген жағдайлар кездесіп отырады. Осындай мәселелер бойынша жан-жаққа телефон соғып ешкімді шақыра алмаймыз. Білгім келетіні, кімге хабарласуға болады?
Г.Кабыгалиева
Жауап
-Ең алғашқы кезекте, су, кәріз немесе басқада инженерлік желілерде апатты жағдай орын алса, қалалық әкімдікке хабарласуларыңыз қажет. Ал, балкон, өзіңіз айтқандай, шатырдың ұшу, теректің құлауы сияқты қауіп төндіру оқиғалары кездессе, Батыс өңірлік аэромобильдік жедел құтқару жасағы мемлекеттік мекемесіне (ЗРАОСО) хабарласуға болады. Мекеменің кезекші телефоны 39-43-13.
Сұрақ
-Өткен жолы апаттық жағдайдағы жер астында орналасқан құрылысты көрдім. Білгенім, бұл ғимарат бір мекеменің қарамағындағы қорғаныс орыны екен. Осындай нысандардың тізімі Сіздің басқармада екен. Менің білгім келіп отырғаны осы құрылысты жеке иелігіме алып пайдалануға болады ма?
А.Нургалиева
Жауап
-Бұл нысандар әртүрлі салалық мекемелердің қарамағында есепке алынған. Бұл ғимараттар ерекше жағдайда қолдануға арналған. Сондықтан Сізге айтарым ол нысандар ешкімнің жеке иелігіне берілмейді.
Сұрақ
-Мен Қызылқоға ауданының тұрғынымын. Ауданымызда жыл сайын дала өртінің қайталануы әдетке айналды. Бұл аудан халқы үшін қысқы мал азығын дайындауда немесе дайындап қойған шөптің жанып кетуі салдарынан қиындықтар тудырып, үлкен шығындарда әкелуде. Осының алдын алу үшін нақты жұмыстар ұйымдастыруға болмай ма?
А.Нысанов
Жауап
-Жалпы дала өртінің алдын алу мақсатында қала, аудан әкімдері ҚРҮ 2007 жылғы 27 маусымдағы №542 қаулысына сәйкес тиісті жұмыстар атқаруы тиіс. Бұл, қаулыда көптеген мәселелер көрсетілген.
Әрине, дала өртін кең көлемде болдырмаудың шаралары алынуда. Бұл орайда, жыл сайын басқарманың ұйымдастыруымен дала өртінің алдын алуға бағытталған оқу жаттығулар өткізілуде. Біз, жыл сайын Үкімет белгілеген Ереженің орындалуын аудан әкімдерінің алдына қойып келеміз.
Алайда, тіркеліп отырған дала өрттері, найзағай түсуден, көрші облыстан келуі және тұрғындардың ауыл шаруашылығы техникаларына қойылатын талаптарға салғырт қарауынан да болатындығы белгілі.
Сонымен қатар, басқарма тарапынан, дала алқаптарындағы өрт оқиғаларын анықтап, жергілікті атқарушы орындарға жедел хабарлау үшін ҚР Ғарыш агенттігі «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ-мен келісім шартқа отырылып, жиырмадан астам дала өртінің алдын алуға мүмкіндік туды.












